Келес ауданында жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалог дәстүрі жалғасуда. Аудан әкімі апта басынан бері бірқатар ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кездесулер ашық пікір алмасу алаңына айналып, халықтың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.
Жиындар барысында өткен жылы жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар таныстырылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар маңызды нысандар пайдалануға беріліп, көшелерге асфальт төселді, коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылды. Ауылішілік жолдардың сапасын арттыру, жарықтандыру жүйесін жаңарту және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын іске қосу бағытындағы жұмыстар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қауіпті учаскелерге бағдаршамдар орнатылып, мектеп маңында жаяу жүргіншілер жолақтары салынды. Бірқатар көшелердегі ескі жарық шамдары жаңартылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, ауылдың заманауи келбетін қалыптастыруға ықпал етті.
Тұрғындар тарапынан бұрын көтерілген мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапқан. Балалар ойын алаңшалары салынып, жолдар жөнделіп, көше атаулары жаңартылған. Алдағы кезеңде демеушілер есебінен бірқатар елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары басталмақ. Сонымен бірге жаңа аяқжолдар салу, көшелерді жарықтандыру және қосымша балалар алаңшаларын орнату жоспарға енгізілген.
Кездесулер барысында тұрғындардың ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті.
Жалпы алғанда, Келес ауданында ауылдық инфрақұрылымды жаңарту, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға негіз болуда.

