Келес ауданында соңғы жылдары инфрақұрылымдық даму мен әлеуметтік жобалар қарқынды жүзеге асуда. Солардың ішінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету – ең өзекті әрі стратегиялық бағыттардың бірі. Бүгінде аудан бойынша жалпы құны 10,4 миллиард теңге болатын 12 нысанның құрылысы қолға алынып, олардың басым бөлігі аяқталу кезеңіне жетті. Бұл жобалар Ақтөбе, Бірлік және Жүзімдік ауылдық округтерін қамтиды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округіндегі Жуантөбе, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендерінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен арнайы танысты. «Халықтың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші – таза ауыз суға қолжетімділік. Сондықтан әрбір ауылдағы құрылыс жұмыстарын қатаң бақылап, сапасына ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді аудан әкімі. Қазіргі таңда Жуантөбе ауылындағы су жүйелерінің 86 пайызы орындалған. Мұнда екінші көтермелі насос станциясы мен жаңа резервуар салынып жатыр.Жаңадәуір елді мекенінде насос станциясы орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.Ал Ынтымақ ауылында 100 текше метрлік қосымша резервуар пайдалануға беріліп, ауыл халқының таза суға қолжетімділігі айтарлықтай артты. Келес ауданында 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2620 метр тереңдікте ұңғымалар қазылды. Құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу көрсеткіші 98 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш тек әлеуметтік жағдайды жақсартумен шектелмейді. Таза су жүйелерінің жаңаруы — ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің дамуына, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы жағдайдың жақсаруына, яғни ауданның экономикалық әлеуетінің өсуіне тікелей ықпал етеді. Су тапшылығы мәселесінің шешілуі жаңа өндірістер мен әлеуметтік нысандардың ашылуына, ауылдық аймақтардың инвестициялық тартымдылығының артуына мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған қаржы — бұл халықтың болашағына салынған инвестиция. Мемлекеттік қаражат пен мердігер ұйымдардың тиімді өзара іс-қимылы нәтижесінде Келес ауданының су жүйелері заманауи инженерлік стандарттарға сәйкес жаңартылып отыр. Бүгінде ауыз су мәселесінің шешілуі ауданның экономикалық тұрақтылығына, экологиялық қауіпсіздігіне және әлеуметтік әл-ауқатына жаңа серпін берді. Келес ауданындағы ауыз су құрылыстарының аяқталуы – бұл тек инженерлік жоба емес, тұрақты даму мен өмір сапасының жаңа кезеңі. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайының жақсаруы — аудан экономикасының берік іргетасы. Инфрақұрылымдық жаңғыру арқылы Келес ауданы инвестициялық тартымды, әлеуметтік тұрғыда тұрақты аймаққа айналып келеді.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
