Келес ауданында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында жаңа ұлттық спорт кешені – ипподром салу жұмыстары жоспарланып отыр. Аудандағы спортшылар, әсіресе көкпардан, жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп, өңірдің атын шығарып келеді. Бұл табыс – спортшылардың қажырлы еңбегі мен бапкерлердің жүйелі дайындығының жемісі ғана емес, сонымен қатар аудан әкімдігінің спортты қолдауына байланысты. Жоспарланып отырған жаңа нысан тек жарыс алаңы ретінде қызмет етіп қана қоймай, жастарды ұлттық спортқа баулитын, салауатты өмір салтын насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс.
Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Жобаның техникалық талаптары мен жалпы құрылымдық көрінісі Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрмаханбет Нархозиевтің басшылығымен жан-жақты талқыланды. Талқылауға мердігер мекеме өкілдері, Келес ауданы ұлттық спорт клубының директоры Санат Ботанбаев, сондай-ақ Қошқарата ауылдық округі әкімдігінің мамандары қатысты. Жиында жобаның негізгі ерекшеліктері, инфрақұрылымдық талаптары, қауіпсіздік және сапа стандарттарын сақтау мәселелері кеңінен қаралды.
Нархозиевтің айтуынша, жаңа кешеннің стратегиялық маңыздылығы жоғары. Ол:
– заманауи талаптарға сай құрылуы,
– жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыру,
– спортшылардың кәсіби деңгейін көтеру,
– аудандық және облыстық деңгейде ірі жарыстар өткізу,
– туризм мен мәдени шараларды дамыту сияқты бағыттарға қызмет етуі тиіс.
Жоспарланған кешен тек спорттық алаң ғана емес, сонымен қатар ауданның мәдени және әлеуметтік өмірінде маңызды орын алатын, көпфункционалды орталық болады. Мұнда жастарға арналған дайындық жаттығу залдары, жарыстар өткізу алаңдары, демалыс аймақтары қарастырылмақ. Іске қосылған соң бұл нысан Келес ауданында ұлттық спортты дамытудың жаңа буынына айналып, болашақ чемпиондарды дайындауға мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігі мен сала мамандарының айтуынша, ұлттық спорт кешені жастарға заманауи спорт инфрақұрылымын ұсына отырып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырады және ауданның жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Жоба іске асырылған соң, Келес ауданының спорттық әлеуеті айтарлықтай өсіп, облыс көлемінде де ұлттық спортқа деген ықпал күшейеді.
Сонымен қатар, кешеннің ашылуы жергілікті қауымдастық үшін қосымша әлеуметтік маңызы бар. Жастар бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Жобаның іске асырылуы барысында ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, құрылыс саласында және кейінгі қызмет көрсету саласында халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі туындайды.
Келес ауданында салынатын жаңа ұлттық спорт кешені – бұл спорттық, мәдени және әлеуметтік салада ауданның дамуына серпін беретін стратегиялық жоба. Жобаның барлық кезеңдері – жоспарлау, құрылыс, жабдықтау және пайдалануға беру – қатаң бақылауда болады. Аудандағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының жүйелі жүргізілуі жас ұрпаққа ұлттық спортқа деген сүйіспеншілікті сіңіруге, ауданның беделін арттыруға және өңірде спорттық мәдениетті дамытуға жол ашатын болады.

