КЕЛЕСТЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛЫП, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢАРУДА

Келес ауданы соңғы жылдары қарқынды даму кезеңін бастан өткеріп келеді. Әлеуметтік нысандарды жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және ауылдық аймақтардың келбетін жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жол ашуда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев демалыс күндері бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Атап айтқанда, Абай ауылындағы Омаров және Сатпаев көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы салынып, су ағарлар орнатылуда. Қазіргі уақытта құрылысқа кедергі келтіретін газ құбырлары мен электр бағаналары ауыстырылып, инженерлік желілер жаңартылуда. — «Бұл жұмыстар жобалық-сметалық құжаттамаға сай, сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс. Қазан айында нысан толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне беріледі», – деді аудан әкімі. Сонымен қатар, Жәнібек Есенұлы ауыл орталығындағы «Ер-Дәуіт» автобекетінің жағдайына да назар аударды. Нысанның сыртқы келбетін ретке келтіру, санитарлық талаптарды сақтау және қызмет сапасын арттыру бойынша кәсіпкерге нақты тапсырмалар берілді. — «Автобекет – ауылдың айнасы. Мұнда санитарлық тазалық пен тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет», – деп атап өтті аудан басшысы. Инфрақұрылым мен әлеуметтік орта қатар дамып жатқан Келесте спорт саласы да назардан тыс емес. Әкім Біртілек ауылдық округіндегі Шұқырсай елді мекеніне барып, спорт алаңының жағдайымен танысты. Тазалық пен тәртіпті сақтау жөнінде тиісті нұсқаулар беріліп, алдағы уақытта бұл аумақта жаңа, заманауи спорт алаңының құрылысы қолға алынатыны айтылды. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына тың серпін бермек. Жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық нысандардың жаңаруы – ауыл келбетінің жақсаруына, ал жаңа спорттық инфрақұрылым – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болады. Бүгінде Келес өңірі облыстың оңтүстігіндегі заманауи ауылдық аймақтардың үлгісіне айналып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың нәтижесінде аудан аумағында құрылыс қарқыны күшейіп, әлеуметтік сала мен экономика бір арнада дамуда.