Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығын дамыту және өнім көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді бірнеше рет атап өтіп, жыл сайын кемінде 150 мың гектар жерге осындай жүйелерді ендіру міндетін қойған болатын. Бұл міндет өңірдегі агроөнеркәсіптік сектор мен шекара маңындағы сауда әлеуетін дамытуға да тікелей ықпал етеді.
Ағын су тапшылығы сезілетін аумақтарда заманауи суару әдістерін енгізу – уақыт талабы. Осы орайда, Келес ауданындағы Ошақты ауылдық округінде ЖШС «Бақнұр» тарапынан 120 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясы енгізілуде. Жобаның жалпы құны – 316 млн теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл өндіріс орнында 5 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жаңбырлатып суару әдісі мал азығын өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты өндіруді қамтамасыз етіп, шекара маңындағы өңірлерге экспортқа шығаратын өнімнің көлемін ұлғайтуға жағдай жасайды. Су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы шаруалар өнімділікті арттырып қана қоймай, тауарлық ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігін де күшейтеді.
Мемлекет тарапынан заманауи суару технологиясын енгізген шаруаларға қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, ұңғыма бұрғылау, су тарту құбырларын орнату және су үнемдеу жабдықтарын сатып алу шығындарының 80 пайызына дейінгі бөлігі өтеледі. Бұл шаралар фермерлерге инвестициялық саланы азайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Келес ауданында енгізіліп жатқан заманауи технологиялар тек ауыл шаруашылығын жаңғыртып қана қоймай, шекара маңындағы сауданы дамытуға да жол ашады. Өнім көлемінің өсуі, сапалы азық-түлік өндірісі және тұрақты жұмыс орындарының ашылуы өңірлік экономиканың тұрақты дамуына және экспорт әлеуетінің артуына тікелей ықпал етеді.
Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы Келес ауданының агроөнеркәсіптік секторын заманауи деңгейге көтеріп, шекара маңындағы сауда мен экспорт әлеуетін нығайтуға маңызды қадам болып отыр.

