Соңғы жылдары Шымкент қаласы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын үдетіп, инвестиция тарту бағытында еліміздегі ең белсенді әрі тартымды орталықтардың біріне айналып келеді. Қаланың тиімді географиялық орналасуы, еңбек ресурстарының жеткіліктілігі және өндірістік инфрақұрылымның жүйелі дамуы Шымкентті инвесторлар үшін сенімді серіктес ретінде танытып отыр. 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында қала экономикасына 715 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім бар екенін көрсетіп, Шымкенттің экономикалық әлеуеті мен даму бағытының дұрыстығын айғақтайды. Тартылған қаржының едәуір бөлігі жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілуі – бизнестің қалаға деген сенімі мен қызығушылығының артқанын білдіреді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың белсенділігі де жылдан жылға өсіп, өңдеу өнеркәсібі негізгі басым бағытқа айналуда. Инвестициялық белсенділіктің артуы өндірістік сектордың кеңеюіне тікелей әсер етті. Қала аумағында құрылыс материалдары, химия, тамақ өнеркәсібі, қағаз өнімдері, алюминий қаптамасы және өзге де бағыттар бойынша жаңа зауыттар мен өндіріс орындары іске қосылуда. Бұл, өз кезегінде, өндіріс көлемінің ұлғаюына ғана емес, жүздеген жаңа жұмыс орындарының құрылуына, тұрғындардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Шымкент дамуының маңызды тетіктерінің бірі – инфрақұрылым мен индустриялық аймақтарды жүйелі дамыту. Қалада инженерлік желілермен толық қамтылған индустриялық аумақтардың кеңеюі инвесторларға дайын өндірістік алаңдар ұсынуға жол ашуда. Бұл бизнес үшін уақыт пен шығынды үнемдеп, жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Алдағы жылдары энергетика, мұнай-химия, медицина, агроөнеркәсіп және «жасыл экономика» бағыттарындағы ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жылыжай кешендері, электр энергиясын өндіру нысандары мен жоғары технологиялы өндірістер Шымкенттің экономикалық бейнесін жаңартып, оның өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек. Сарапшылардың пікірінше, инфрақұрылымның дамуы, индустриялық аймақтардың кеңеюі және мемлекеттік қолдау шаралары Шымкентті тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі инвестициялық әрі өндірістік орталыққа айналдыруға берік негіз қалайды.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
