Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі. Бұл салада жүзеге асып жатқан нақты жобалар – тек ішкі нарықты ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың көрінісі. Мысалы, Кентау қаласына қарасты тарихи Қарнақ ауылындағы «Мырза» шаруақожалығының тәжірибесі – ауыл кәсіпкерлігінің дамуы мен инвестиция тартудың айқын үлгісі. 25 жылдан бері табандылықпен еңбектеніп келе жатқан кәсіпкер Ануар Мырзаев соңғы екі жылда анар жемісін өсіруді жолға қойып, жыл сайын шамамен 3 тонна өнім алуда. Бүгінде жалпы аумағы 10 гектар болатын шаруашылық жерінің 6,5 гектары жеміс бағы ретінде қалыптасқан. Шаруашылық тек анар емес, алманың 20-ға жуық сорты мен шабдалы, алмұрт, жүзім, өрік және жаңғақ сияқты жеміс түрлерін де өсіреді. Мұндай әртараптандыру – тәуекелдерді азайтып, табыс көзін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал бұл – кез келген инвестор үшін сенімді әрі тұрақты бағыт. Ең бастысы, «Мырза» шаруашылығының өнімдері бүгінде Кентау мен Түркістан қалаларының нарығымен шектелмей, Ақтөбе, Жезқазған және Астана қалаларына жөнелтіледі. Бұл – ішкі нарықта сұраныстың бар екенін ғана емес, отандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін де дәлелдейді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бағытталған қолдау тетіктері – экспортқа шығуға ниетті кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы, «KazakhExport» сақтандыру компаниясы және «Аграрлық несие корпорациясы» сияқты институттар экспорттаушыларға қаржылай және сараптамалық қолдау көрсетуде. Мұндай қолдаулардың арқасында өңірлердегі шағын және орта шаруашылықтар өз өнімін халықаралық нарыққа шығарып, ел экономикасына қосымша табыс әкеліп отыр. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл инфрақұрылымының дамуына және халықтың әл-ауқатының артуына жол ашады. Кәсіпкер Ануар Мырзаевтың алдағы жоспары да ерекше назар аударарлық. Ол шаруашылықты әрі қарай дамыту үшін балық өсіру ісін қолға алуды және демалыс аймағын салуды көздеп отыр. Мұндай бастамалар – ауылдық жерлерде агротуризмді дамытудың да нақты мысалы. Инвестиция тарту мен экспортты дамыту – тек экономикалық көрсеткіш емес, сонымен қатар елдің ауылдық әлеуетін, жергілікті брендтерді қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағыт. Сондықтан осындай табысты жобаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – еліміздің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтып, қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтағы орнын бекемдеудің сенімді кепілі.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
