ЖЫЛ ЖЕМІСІ: ТҮРКІСТАН ТӘЖІРИБЕСІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ САПАСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУДЕ

Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштері тек өндіріс көлемінің өсуімен емес, ең бастысы – қазақстандық өнімнің сапасын жүйелі түрде арттыруымен ерекшеленіп отыр. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 154,3 млрд теңгеге жетіп, республикада көш бастауы – жүргізілген реформалардың нақты нәтижесі.

Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту сапаға бағытталған инвестициялық саясатпен тығыз байланысты. 214,4 млрд теңге инвестицияның тартылуы жаңа технологияларды енгізуге, өндіріс мәдениетін арттыруға және өнім сапасын халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік берді. Бұл – қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырған маңызды қадам.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының кеңеюі де өнім сапасына тікелей әсер етуде. Биыл 907 мың гектар жерге дақыл егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артты. Алайда басты назар саннан сапаға ауысып отыр. Соның айқын дәлелі – су үнемдеу технологияларының ауқымды түрде енгізілуі. Қазіргі таңда 114 мың гектар алқапта заманауи суару әдістері қолданылып, өнімнің сапасы мен тұрақтылығы айтарлықтай жақсарды.

Әсіресе, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының кеңінен енгізілуі топырақтың құнарлылығын сақтауға, өнімнің біркелкі пісуіне және экологиялық тазалығын арттыруға ықпал етті. Мақта дақылының жаңа технологиямен 52,2 мың гектарға егілуі нәтижесінде өнімділіктің екі есеге артуы – сапалы агротехнологиялардың тиімділігін көрсететін нақты мысал. Ал күрішті елімізде алғаш рет тамшылатып суару әдісімен егу – Түркістан облысының агроинновация саласындағы көшбасшылығын айқындайды.

Жылыжай шаруашылығы да қазақстандық өнім сапасын арттырудың негізгі драйверіне айналып отыр. 2025 жылы жылыжай алаңы 1715 гектарға жетіп, республикадағы үлесі 76 пайызды құрады. Бұл – отандық көкөніс өнімдерінің жыл бойы үздіксіз, экологиялық таза әрі стандартталған сапада өндіріліп жатқанын білдіреді. Ал 2026 жылға жоспарланған кеңею нәтижесінде бұл көрсеткіштің 80 пайызға жетуі күтілуде.

Түркістан облысы республика халқын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде жетекші орын алады. Мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 82 пайызы, бақша өнімдерінің 75 пайызы, жеміс-жидектің 40 пайызы, көкөністің 30 пайызы осы өңірде өндірілуде. Бұл көрсеткіштер өнім көлемімен қатар, тұрақты сапа мен сенімді жеткізілім жүйесінің қалыптасқанын көрсетеді.

Өнім сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі – қайта өңдеу мен экспортқа бағдарланған өндіріс. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларына жетіп, 1,1 есеге өсті. Бұл – қазақстандық өнімдердің халықаралық талаптарға сай келетінін және сыртқы нарықта сұранысқа ие екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың Жол картасы сапалы өндірісті одан әрі кеңейтуді көздейді. Жалпы құны 295,5 млрд теңгені құрайтын 78 жоба жаңа өндіріс орындарын іске қосып, заманауи стандарттарға сай өнім шығаруға бағытталған. Тек 2025 жылдың өзінде 1030 жаңа жұмыс орны құрылып, аграрлық сектордың әлеуметтік және экономикалық маңызы артты.