ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ: ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢАРЫП, ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫЛЫҚ АРТУДА

Жетісай ауданында соңғы жылдары халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және көлік қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Бұл ауданның экономикалық дамуы мен инвестициялық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес, заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің сапасын арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Осы бастаманың нәтижесінде бүгін заманауи үлгідегі 14 жаңа шағын автобус тұрғындардың игілігіне табысталды. Жетісай ауданында жолаушылар тасымалымен айналысатын «SAR avto» ЖШС компаниясы елді мекен тұрғындарының аудан орталығына қатынауын жеңілдету мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы көлік паркін жаңартып отыр. Қазіргі таңда 10 бағыт бойынша қоғамдық көліктердің саны артып, тұрақты қатынау жүйесі жолға қойылуда.

Бұл автобустар Ел Үкіметінің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген лизингтік қаржыландыруы аясында алынған. Яғни, бұл – жергілікті экономиканы дамыту мен отандық өндірісті қолдаудың нақты үлгісі. Көліктер толықтай отандық өндірістен шыққан, заманауи техникалық талаптарға сай жасақталған. Оларда мұздатқыш және желдеткіш жүйелері, ыңғайлы орындықтар, қауіпсіздік белдіктері орнатылған. Бұл жаңару – аудан тұрғындары үшін жайлылық пен қауіпсіздіктің жаңа деңгейі ғана емес, жергілікті экономиканың өсуіне серпін беретін жоба. Өйткені көлік саласын жаңғырту жұмыс орындарын көбейтеді, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және логистика бағыттарында қосымша бизнес мүмкіндіктерін ашады. Қазіргі таңда аудан аумағында қоғамдық көліктердің кестесі нақты бекітіліп, қала, кент және ауылдық округтерге қатынайтын бағыттар ретке келтірілді. Барлық қызмет сапасы қатаң бақылауда болады.

Мұндай жобалар – Жетісайдың экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жеке сектор мен мемлекет арасындағы тиімді серіктестіктің нақты нәтижесін көрсетеді. Заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру – бұл тек жолаушыларға қолайлылық емес, сонымен бірге экономиканың, әлеуметтік тұрақтылықтың және халықтың өмір сапасының көрсеткіші.