Жетісай ауданының Ынтымақ ауылдық округінде аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, мәслихат депутаттары, аудан прокурорының орынбасары, қоғамдық кеңес мүшелері мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Аудан басшысы есептік кезеңде атқарылған жұмыстар мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндап, ауылдық округтің даму динамикасына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 130 мың теңгеге жетіп, өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз еткен.
Халыққа қызмет көрсету саласында 40 нысан жұмыс істеп, 87 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жыл басынан бері 30 млн 711 мың теңге көлемінде салық жиналып, бюджеттен бөлінген 92 млн 746 мың теңгенің 78 млн 920 мың теңгесі заңға сәйкес игерілген. Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады. 952 шаруа қожалығы 6752 гектар суармалы жерге мақта, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдар егіп, өнім көлемін арттырған. Қазір округ бойынша 5199 ірі қара, 9959 ұсақ мал, 907 жылқы тіркелген.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қабылдау өткізді. Халық тарапынан көтерілген мәселелер хаттамалық түрде тіркеліп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Жалпы, есептік кездесуде Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының тұрақтылығы мен халық ынтымағының артып келе жатқаны атап өтілді.
