Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды жобалардың нәтижесінде аудан халқының тұрмыс сапасы едәуір жақсарып, инфрақұрылым жүйесі біртіндеп жаңаруда.
Бүгінгі таңда аудандағы 105 елді мекеннің 89-ы көгілдір отынға қосылып, табиғи газ тұтынатын ауылдардың үлесі 84,7 пайызға жетіп отыр. Бұл – ауданның энергетикалық тәуелсіздігін арттырумен қатар, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтерудің нақты нәтижесі. Жуырда Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Жетіқазына және Әлімбетов (Бәйтерек) елді мекендерінде табиғи газ іске қосылып, 2600-ге жуық тұрғын алғаш рет көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген ауыл азаматтары енді экологиялық әрі үнемді отын түрін пайдалануға көшті.
Өткен жылы Абай, Қызылқұм, Қызылту және Қарасақал елді мекендерінде 6600 тұрғын газбен қамтылса, биылдың өзінде тағы 11 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қосылды. Атап айтқанда, Қызылқұм ауылдық округінің Түркебай, Жалпаққұм, Алғабас, Ақтөбе, Қосқұдық және Мақталы, сондай-ақ Абай, Ш.Ділдәбеков және Жаңа ауыл ауылдық округтеріндегі бірнеше елді мекендер газ жүйесіне қосылған.
Жыл соңына дейін Қарой, Атақоныс, Сейфуллин, Сарқырама, Мақталы, Датқа, Көбек, Киров және 1-Мамыр елді мекендеріне газ беру жоспарланып отыр. Бұл арқылы тағы 10 400 адам көгілдір отынның игілігін көреді. Мамандардың айтуынша, алдағы жылдары газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, 2027 жылға қарай аудан тұрғындары 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Табиғи газдың қолжетімді болуы – тек тұрмыс жағдайын жеңілдету ғана емес, сонымен қатар экологиялық тазалықты сақтау мен өңірдің тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды қадам. Осылайша, Жетісай ауданында көгілдір отын жүйесінің кеңеюі тұрғындардың әл-ауқатының артуына, ауылдардың жаңаруына және өңір экономикасының өркендеуіне айқын серпін беруде.
