Жетісай ауданында тұрғындарды сапалы және үздіксіз электр қуатымен қамту, инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл бастама ауданның экономикалық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға да айтарлықтай ықпал етпек.
Соңғы жылдары ауданның аумағы ұлғайып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың саны артуда. Осыған байланысты электр энергиясына деген сұраныс та едәуір көбейген. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында 80 гектар аумақта қуаттылығы 110/35/10 кВ болатын жаңа электрлік қосалқы станцияның құрылысы қолға алынды. Жобаның жалпы сметалық құны — 1 млрд 300 млн теңгеден астам. Құрылысты тәжірибелі мердігер ұйым – «Vek-Story-Com» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы толық орындалған.
Бұл нысан іске қосылған соң, Жетісай қаласы аумағындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің 1842 абоненті сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтылады. Сондай-ақ, қосалқы станцияның жұмыс істеуі нәтижесінде 15-ке жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ауданның энергетикалық әлеуетін арттыру – өңірдің экономикалық дербестігі мен тұрақты дамуының кепілі. Қазіргі таңда ескі электр бағаналары мен желілерін жаңарту, қуат тапшылығын болдырмау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жаңа қосалқы станцияның іске қосылуы Жетісай ауданының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, алдағы жылдары салынатын тұрғын үй және өндірістік аймақтардың тұрақты дамуына серпін береді. Бұл — ауданның инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы маңызды қадам әрі өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтиже.
