ЖЕТІСАЙДА ӨНДІРІС ПЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАТАР ДАМЫП КЕЛЕДІ

Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылы айтарлықтай өсім көрсетті. Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 267,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд теңгеге артты. Бұл туралы брифинг барысында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов мәлімдеді.

Аудан экономикасының негізгі драйверлері саналатын ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары да тұрақты даму үстінде. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 119,4 млрд теңгеге, ал өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 45,8 млрд теңгеге жеткен.

Инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауданда 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Асықата кентінде 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Биыл аталған аймақта жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын 12 жобаның құрылысы жүргізілмек.

Атап айтқанда, олардың қатарында «АГРО СҮТ» ЖШС-нің жылына 3 мың тонна сүт өнімін өңдейтін зауыты, «TST JETYSAY TEXTIL» ЖШС-нің жылына 7,5 мың тонна жіп өндіретін фабрикасы, сондай-ақ жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңгені құраса, 2025 жылы 46,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 118,4 пайызды көрсетті.

Жетісай ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы саласы жетекші орын алады. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешенде 10 мыңға жуық шаруа қожалық қызмет атқарып келеді. Өткен жылы 79,3 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы 1 500 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын жүзеге асырды.

Ауданда егістік алқаптарды сумен қамтамасыз ететін 783 канал мен 217 қашыртқы жұмыс істейді. Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында өткен жылы 5 646 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі орнатылды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ауданда 3 жаңа мектеп салынды. Асықата кентіндегі 900 орындық, Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Ал Жетісай қаласындағы 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталу сатысында.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында соңғы 3 жылда 240 тұрғын баспаналы болды. Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен 32 пәтерлі екі тұрғын үйдің (барлығы 64 пәтер) құрылысы толық аяқталды.

Инженерлік инфрақұрылыммен қамту көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарды. Қазіргі таңда 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газ жүйесіне қосылған, бұл 87,6 пайызды құрайды. Соңғы үш жылда газбен қамту деңгейі 34,2 пайызға артты. Жол инфрақұрылымын дамыту аясында соңғы үш жылда 183 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Бүгінде аудандық маңызы бар жолдардың 84,4 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл ұзындығы 43,1 шақырымды құрайтын 56 көше орташа жөндеуден өтеді.