ЖЕТІСАЙДА ТРОПИКАЛЫҚ ЖЕМІС ЖӘНЕ ЖЫЛЫЖАЙ ӨНІМДЕРІНІҢ САПАСЫ АРТЫП ОТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және бір жерден бірнеше өнім алу бағытындағы жұмыстар кең көлемде қолға алынуда. Бұл бастама жергілікті өнімнің сапасын арттыруға, тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Биылғы жылы ауданда 129 фермерге тиесілі жылыжайларда қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баялды, лимон және гүл көшеттері егілген. Жылыжайлардың жалпы аумағы 23,5 гектарға жетіп, оның 9,54 гектары көмірмен, 13,48 гектары табиғи газбен жылытылады. Бұл жылыжайларда заманауи технологиялар қолданылып, өнімділікті арттыру үшін тамшылатып суғару әдісі енгізілген.

Атап айтқанда, Атамекен ауылдық округіндегі Берік Байымбетовтың жылыжайы ерекше үлгі болып отыр. 1,64 гектар аумақты қамтитын жылыжайда лимон «Мерри» сорты мен қияр егілген. Жылыжайда 10-ға тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жергілікті және көрші аудандардың тұрғындары үшін табиғи таза өнімдер тұрақты жеткізіліп, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары және Шымкент қаласында жоғары сұранысқа ие. Өнімнің бағасы да қолжетімді: лимон 1000–1200 теңге аралығында саудаланады.

Аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов өндірілетін өнімнің сапасына ерекше назар аударып, оның денсаулыққа тиімді және табиғи таза болуын атап өтті. «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күре тамыры. Өндірілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі – халықтың денсаулығы мен мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі», – дейді ол.

Мемлекеттік қолдау шаралары да нәтижесін беріп отыр. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша жылыжай шаруашылықтарына энергия ресурстарына арналған шығыстар субсидияланып, бұл салаға қызығушылық артты. Қазіргі таңда ауданда жылыжай аумағы 23,5 гектарға жетіп, оның ішінде 5,8 гектарға қызанақ, 4,3 гектарға қияр, 1,5 гектарға баялды мен болгар бұрышы және 1 гектарға лимон егілген.

Берік Байымбетов алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтуді, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. «Лимон 40–60 жыл өмір сүретін өсімдік, алғашқы жемісін 2–3 жылдан кейін береді. Сондықтан шыдамдылық қажет. Бұл тәжірибемен банан, киви сияқты тропикалық жемістерді де жылыжайларда өсіруге болады», – дейді фермер.

Жетісайдағы жылыжай шаруашылығының дамуы қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Заманауи технологиялар мен табиғи таза өнімді өндіру тәжірибесі өңірде ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар Қазақстан өнімдерінің сапасын халықаралық стандарттарға сай көтеруге және жергілікті фермерлерді тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.