Жетісай ауданының Ынтымақ ауылдық округінде аудан әкімі Серік Мамытовтың халықпен есептік кездесуі өтті. Бұл кездесу ел Президентінің тұрғындармен ашық диалог орнату жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы, қоғамдық кеңес пен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Әкім есеп беру барысында округтің экономикалық және әлеуметтік даму бағыттарындағы жетістіктерге тоқталды. Соңғы есептік кезеңде Ынтымақ ауылдық округіне 1 миллиард 130 мың теңге инвестиция тартылып, бұл қаражат инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға бағытталған. Мұндай көрсеткіш аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туғызды.
Қазіргі таңда ауылдық округте 40 кәсіпкерлік нысан тұрақты жұмыс істеп, 87 азамат еңбекпен қамтылған. Сонымен бірге, салық түсімі мен бюджеттік қаржының игерілуі жоспарлы түрде орындалған: 30 млн 711 мың теңге салық жиналып, бюджеттік қаржының 85 пайыздан астамы мақсатты жұмсалған. Ауыл шаруашылығы — округтің негізгі тірегі. Биыл шаруалар 6752 гектар жерге түрлі дақылдар егіп, өнім көлемін арттырған. Мал басы да айтарлықтай өсім көрсеткен: ірі қара – 5199 бас, ұсақ мал – 9959 бас, жылқы – 907 бас.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл инфрақұрылымы мен әлеуметтік мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын айтты. Әкім олардың әрқайсысына жеке тоқталып, жауапты сала мамандарына тапсырмалар жүктеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы, инвестиция тарту мен агроөнеркәсіп кешенінің дамуы – Жетісай ауданын өңірлік экономиканың тұрақты өсім нүктесіне айналдыруда.
