Сарыағаш ауданының Жарты төбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінде жаңа медициналық нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ауыл тұрғындары үшін аса маңызды бұл жобаның жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында мердігер мекеме – «БибиМанапҚұрылыс» ЖШС тарапынан негізгі құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл көктем айында басталған нысанның құрылысы жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалуда. Бүгінгі күнге дейін ғимараттың қабырғалары толық көтеріліп, шатырын жабу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, ішкі инженерлік жүйелерді орнату, терезе-есіктерін орнату және ішкі әрлеу жұмыстары да кезеңімен жүргізілуде. Жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асуда. Бұл – өңірде мемлекеттік және жеке серіктестік қатынастарын дамытудың нақты нәтижесі. Мұндай бастамалар ауылдық жерлердегі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, медициналық қызметтің қолжетімді болуына зор мүмкіндік береді. Жаңа амбулатория іске қосылған соң ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп, тұрғылықты жерінен алысқа сабылмай-ақ дәрігерге қаралуға мүмкіндік алады. Мұнда жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелер қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар, зертханалық талдау жасау, екпе егу, алғашқы жедел көмек көрсету секілді қызмет түрлері де көрсетіледі. Ауылдық аймақтарда медициналық нысандардың бой көтеруі – елді мекендердің әлеуметтік дамуы мен халықтың денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам. Себебі, дені сау ұлт – елдің басты байлығы. Сондықтан соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және ауыл дәрігерлерінің әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Төңкеріс елді мекенінде бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, өңірдегі медициналық инфрақұрылымның дамуына да серпін бермек. Ауылдық денсаулық сақтау саласының дамуы – халықтың өмір сапасына, еңбек өнімділігіне және демографиялық көрсеткіштерге тікелей әсер етеді. Сол себепті мұндай жобалар ауылдың болашағына салынған инвестиция ретінде бағаланады. Жаңа медициналық нысанның ашылуы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты көрінісі болмақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
