ДЕРМЕНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖАҢҒЫРТУ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Арыс қаласы Дермене ауылдық округінде қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындармен ашық және еркін форматтағы кездесу өткізді. Жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы талданып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды. Тұрғындар көкейіндегі мәселелерін көтеріп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Өткен жылы округтегі бірнеше елді мекенде маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Қаражантақтағы Ақжусан, Дерменедегі Әдіхожаев және Орманды елді мекеніндегі Думан көшелеріне жарықтандыру жүйесі орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Орманды мен Қаражантақ ауылдарында жаңа балалар ойын алаңшалары салынып, пайдалануға берілді.

Энергия және коммуналдық инфрақұрылым саласында да нақты қадамдар жасалды. Саналы елді мекеніне демеушілер есебінен табиғи газ тартылып, тұрғындар игілігін көріп отыр. Алдағы уақытта Қаражантаққа газ құбырын жүргізу жұмыстары басталып, Дермене, Теміржолшы және Орманды ауылдарын газбен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Жол инфрақұрылымын дамытуға да назар аударылды. Теміржолшыдағы үш көшеге, Қаражантақ пен Қызылкөпірдегі №1 көшелерге қиыршық тас төселіп, жол қатынасы жақсарды. Қаражантақ елді мекеніне кірме жолға KXAR-5 санатындағы асфальт төсеу жоспарда бар.

Ауыз су сапасын арттыру бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Дермене мен Теміржолшы ауылдарында су сорғылары жаңартылып, жүйенің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді. Қаражантақ елді мекенінде жаңа су ұңғымасы қазылып, қолданыстағы ауыз су желісіне қосылды.

Алдағы кезеңде де инфрақұрылымды жаңарту жалғасады. Саналы елді мекенінде жаңа балалар ойын алаңшасы салынады, Дерменеде екі көшеге, Теміржолшы мен Қызылкөпірде бір-бір көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылады.

Кездесу соңында тұрғындар көтерген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Осы жүйелі жұмыстар арқылы Дермене ауылдық округінде жол, жарық, су, газ және балалар алаңшалары сияқты инфрақұрылымдық нысандар кезең-кезеңімен жаңартылып, ауыл тұрғындары үшін жайлы өмірлік орта қалыптасуда.