БӘЙДІБЕК АУДАНЫ: АҚЖАРҒА ГАЗ ЖЕТТІ

Бүгін Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай ауылдық округінің Ақжар елді мекеніне табиғи газ берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды әрі көптен күткен әлеуметтік жобалардың бірі. Көгілдір отынның іске қосылуы тұрғындардың күнделікті өміріне айтарлықтай жеңілдік әкеліп, экологиялық тұрғыдан да оң әсерін тигізеді.

Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы арнайы қатысып, жергілікті халықты айтулы оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде елді мекендерді газдандыру жұмыстары Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік саясаты аясында жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға, тұрмыстық шығындарды азайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін жеткізді.

Іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері және газ саласының мамандары қатысып, тұрғындарға ақжарма тілектерін білдірді. Ауыл ақсақалдары өз сөздерінде бұл күнді көптен күткенін айтып, елді мекенге газ тарту жолында еңбек еткен барша азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Аталған жобаны «KazBulidCo» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайды. Жобаның іске асуы нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 40-ы немесе 80 пайызы табиғи газбен қамтылып отыр. Ал аудан бойынша 48 221 тұрғынның 43 973-і, яғни 91,2 пайызы көгілдір отын игілігін көруде.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерінде газдандыру құрылыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес атқарылып жатыр.

Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің инвестициялық және әлеуметтік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, газдандыру жұмыстары ауылдардың тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.