Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында түсті металл комбинаты руднигінің металлургиялық цехына тиесілі қалдықтарды тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған бастама экологиялық жүктемені азайту, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру мақсатында жүзеге асырылуда.
▪️ Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов шетелдік инвесторлармен кездесулер ұйымдастырып, жобаның инвестициялық тартымдылығын жан-жақты талқылады. Hubei Nonmetallic Geological Company компаниясы қалдықтардың ресурстық және технологиялық әлеуетін зерттеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл формаларын анықтау мақсатында арнайы жұмыс жүргізуге ниетті.
▪️ Кездесу барысында өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді игеру жолдары, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері және жобаны кезең-кезеңімен іске асырудың негізгі шарттары талқыланды. Hubei Nonmetallic Geological Company геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие, бұған дейін Қазақстанның Ақтөбе, Алматы және Шиелі аймақтарында осындай жобаларды сәтті жүзеге асырған.
▪️ Аталған бастама Ащысай ауылындағы өндірістік қалдықтарды шаруашылық айналымға тарту арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға, инвестициялық ахуалды арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.
▪️ Ауылда қазіргі таңда әлеуметтік инфрақұрылым жақсы дамыған. Мұнда 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 жалпы білім беретін мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы және 1 пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Өндірісімен танылған елді мекенде қазіргі уақытта шамамен 2 мың тұрғын тұрады, ал жолдардың жалпы ұзындығы 15,12 шақырымды құрайды.
▪️ Экологиялық тұрғыдан таза өндіріс пен заманауи технологияларды қолдану Ащысай ауылын инвестициялық тартымды аймаққа айналдырып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдың дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы жобаның іске асуы өңір экономикасын әртараптандыру мен тұрақты дамудың айқын үлгісі болып табылады.
