Еліміздің бірқатар аймақтарында қыс қытымырлап, жерді қалың қар басқан шақта, ауданымыздың еңбекқор дихандары егістік алқаптарына шығып, жаңа маусымдағы қырыққабат отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Бұл – ауданның аграрлық әлеуетінің айқын көрінісі әрі шаруалардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Атамекен ауылдық округінде орналасқан «Қоңырбай» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Қауалов диханшылықты адал кәсіп етіп, несібесін маңдай терімен алады. Ол биыл иелігіндегі 3 гектар жерге қырыққабаттың «Зариссима» сортынан 100 мың дана көшет отырғызуды бастады. Соңғы төрт жылда тамшылатып суғару технологиясын қолданатын шаруаның былтырғы өнім көлемі 120 тоннаға жетіп, Ресей нарығына 120 теңгеден сатылған.
55 күнде пісіп жетілетін «Зариссима» сортындағы көшеттер жылыжайда дайындалған. Дәстүр бойынша қырыққабаттан кейін екінші өнім ретінде маш дақылы егілетіндіктен, гектарынан 1,5 тоннадан өнім алу жоспарланып отыр. Өткен жылы ауылдық округте 270 гектар жерге қырыққабат егілген болса, биыл бұл көрсеткіш 300 гектарға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, былтыр 195 гектарға енгізілген тамшылатып суғару технологиясы биыл 250 гектар алқапқа қолданылатын болады.
Жалпы, 2025 жылы аудан бойынша зариссима, фарао, кевин, магнус сынды қырыққабат сорттарынан 41 615 тонна өнім жиналып, Ресей мен Беларусь елдеріне, сондай-ақ ішкі нарықта Солтүстік Қазақстан облысы, Шымкент, Алматы және Астана қалаларына экспортталды. 893 гектар қырыққабат алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілген болса, биыл бұл көрсеткіш 1,8 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Сонымен қатар, 1,5 мың гектар жерге заманауи су үнемдеу әдістерін енгізу жоспарланып отыр.
Ауа-райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланған аудан дихандары бүгінгі күнге дейін 144 гектар жерге қырыққабат дақылын егуді тәмамдаған. Аудан шаруаларының бұл еңбегі – аграрлық өндірісті тиімді жүргізудің, жаңа технологияларды енгізудің және экспорттық әлеуетті арттырудың нақты дәлелі болып отыр.

