Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде күшейтіліп, жаңа өндіріс орындарын ашу қарқын алуда. Осы мақсатта Арыс қаласында өндірістік парктің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев Арыс–Шардара автомобиль жолы бойында орналасқан өндірістік парк аумағында болып, құрылыс барысымен танысты. Сапар барысында мердігер мекемеге жұмыс қарқынын арттырып, нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайтын өндірістік аймақта 6 ғимараттың құрылысы белсенді жүргізілуде. Әр ғимараттың аумағы 480 шаршы метрді қамтиды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары қатар атқарылуда. Электр желісі толық тартылып, кәріз жүйесі мен ауызсу скважинасы дайын. Бүгінде табиғи газ желісін жүргізу жұмыстары жалғасуда.
Жоспарға сәйкес өндірістік парк аумағында термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз жасау, түйе сүтін терең өңдеу және табиғи газды есептегіш құралдар шығару бағытындағы 5 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар жеке инвестордың қаражаты есебінен «құрғақ порт» алаңының құрылысы қолға алынған. Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық орталық теміржол тұйығымен қамтамасыз етілген. Жүк тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы ауыр жүк көліктері сатып алынған. Қала әкімі бұл жобаның өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, инвесторларға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сапар аясында қала басшысы «Coca-Cola» компаниясының ресми дистрибьютері саналатын «BADAM DRINKS» ЖШС-нің транспорттық-логистикалық орталығында да болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын теміржол тұйығымен қамтылған. Қазіргі уақытта мұнда 60-тан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Логистикалық орталық Арыс қаласымен қатар Ордабасы және Бәйдібек аудандарына тауар жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Жалпы аталған жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға оң әсерін тигізеді.

