ҚҰМКЕНТ АУЫЛЫНДА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысандар қатар пайдалануға беріліп, тұрғындар үшін қос қуанышты күн болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылып, содан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ресми түрде есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жаңа орталықтың жұмысымен танысты.

Аудан басшысы сөзінде: «Әлеуметтік қолдау бағытындағы жобалар біздің аудан дамуының басым бағыттарының бірі. Жаңа орталық ардагерлердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, олардың белсенді әрі мәнді өмір сүруіне жағдай жасайды. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз қажетті қызметті өздеріне жақын жерде ала алады. Бұл орталық тек қызмет көрсететін орын емес, ауылдағы бірлік пен жылылықтың, қамқорлықтың көрінісі» — деді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.

Жаңа орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қызмет көрсетеді. Бір мезетте орталық 30 адамға дейін қызмет көрсете алады. Сонымен қатар Қызылкөл елді мекенінің тұрғындары да орталық қызметінен пайдалануы мүмкін.

Орталықта заманауи жабдықталған тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар, сондай-ақ шәй ішіп демалуға арналған асүй қарастырылған.

Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықты аралап, қызмет түрлерімен танысып, өз ризашылықтарын білдірді. Айта кетейік, биыл осындай орталық аудан орталығынан бөлек, Созақ ауылында да ашылған. Бұл жұмыстар әлеуметтік сала әлеуетін арттырып, ардагерлерге көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін кеңейтуде маңызды рөл атқаруда.