ҚАЗЫҒҰРТ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ – ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРУДЕ

Қазығұрт ауданы соңғы жылдары әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму тұрғысынан айтарлықтай қарқын алып келеді. Жолдар жаңарып, инженерлік желілер тартылып, елді мекендердің келбеті өзгеруде. Осындай жүйелі жұмыстардың бірі – Жаңабазар ауыл округінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар.Аудан әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапары барысында Жаңаталап елді мекенінде орналасқан Суықбұлақ өзенінің үстінен салынған су өткелі мен Жылыбұлақ ауылындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылыс барысымен танысты. Су өткелі аудандық маңызы бар автожолдың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл нысан ауыл ішіндегі және ауылдар арасындағы көлік қатынасын жақсартып, көктемгі тасқын кезіндегі қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымының сапалы болуы – логистика мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудағы тиімділікті арттыратын, тікелей экономикалық маңызы бар фактор. Ал Жылыбұлақ ауылындағы ұзындығы 1,5 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдың көркін ашып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бастама тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, ауылдық инфрақұрылымның заманауи деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Аудан басшысы өз сөзінде аталған жобалардың инвестициялық тартымдылығы мен әлеуметтік тиімділігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандар ауыл аймақтарында шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ тұрғындардың ауылда тұрақтауына оң әсерін тигізеді. Жаңабазар ауыл округіндегі су өткелі мен тротуар құрылысы – аудан экономикасына жан бітіріп, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың нақты үлгісі.Бұл жобалар өңірдің инженерлік және жол желісін жетілдіріп, Қазығұрт ауданының инвестициялық әлеуетін күшейтіп отыр. Жалпы, Қазығұрт ауданында соңғы жылдары атқарылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар экономикалық өсімнің және халықтың өмір сүру сапасының басты драйверіне айналуда. Су өткелдері, жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары мен инженерлік желілер – тек құрылыс нысандары емес, олар өңірдің тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығының кепілі.