ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОЛӨНЕР – ӘЛЕМДІК БРЕНДКЕ АЙНАЛУДА

Алматы қаласындағы әйгілі “Медеу” мұз айдынында ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп, қазақстандық қолөнершілердің шеберлігін әлемге танытуға бағытталған ерекше мәдени шара өтті. “ALAMAN QURAQ-2025” атты жоба аясында ұйымдастырылған бұл көрме бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына енуге үміткер ретінде ұсынылып отыр.

Игі бастама – өнертанушы әрі қолөнер жанашыры Нұргүл Абайханның жетекшілігімен жүзеге асып, отандық шеберлердің әлеуетін әлемдік деңгейде танытуға жол ашты. Көрмеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 660 құрақшы қатысып, олардың қолынан шыққан ерекше туындылар көпшіліктің назарын аударды. Солардың ішінде Түркістан облысының 100 қолөнер шебері ұлттық нақыштағы бұйымдарымен көзге түсіп, қазақ өнерінің дамуына айрықша үлес қосты.

Көрменің басты символы – қызыл оюлы “Алма жастық”. Бұл бұйым Алматының ерекшелігін бейнелеп қана қоймай, ұлттық қолөнердің жаңа брендіне айналуға лайық туынды ретінде бағаланды. Әрбір құрақ көрпеше – қазақ шеберлерінің талғамы мен еңбегін, ұлттың эстетикалық болмысын айшықтайтын өнер туындысы. “Аламан құрақ” жобасы – жай ғана көрме емес, бұл ұлттық өнерді экономиканың бір тармағы ретінде дамытуға бағытталған қадам. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолөнершілерді, ұлттық брендтер мен экспортқа бағытталған отандық өнімдерді қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мұндай бастамалар дәстүрлі қолөнерді тек мәдени құндылық ретінде емес, экономикалық әлеуеті зор бағыт ретінде дамытудың нақты дәлелі болып отыр. Түркістандық шеберлердің еңбегі – осы саясаттың нақты нәтижесі. Аймақта қолөнер өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа шығару, брендтік стиль қалыптастыру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын әртараптандырып, ауыл әйелдерінің және жастардың табыс табуына мүмкіндік беріп отыр.

“ALAMAN QURAQ-2025” жобасы Гиннестің рекордтар кітабына енсе, бұл — қазақстандық қолөнердің халықаралық деңгейде мойындалуы болмақ. Мұндай жетістік отандық өнімдерді экспортқа шығаруға, ұлттық брендтің беделін арттыруға және мәдени дипломатияны дамытуға үлкен серпін береді. Қазақ қолөнері — бұл тек тарих пен дәстүрдің көрінісі емес, ол – елдің мәдени капиталы мен экономикалық әлеуетінің бір бөлігі. Түркістандық шеберлердің еңбегі мен шығармашылығы соның айқын дәлелі. Ұлттық өнерді ұлықтау – елдің рухани және экономикалық дамуының кепілі.