«ҒАСЫР ШЫНДЫҒЫ»: ЖАСТАР РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕДІ

Бүгін Шымкент қаласында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, драматург, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов шығармашылығына арналған «Ғасыр шындығы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Тағылымы терең басқосудың басты мақсаты – жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ұлттық руханиятты насихаттау және ақын поэзиясы арқылы адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.
Кеш барысында «Мәміле» клубының жаңа легі таныстырылып, іс-шараның мазмұны мен маңызы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов шығармашылық мұрасы мен өмір жолына қысқаша шолу жасалып, ақынның азаматтық болмысы мен ұлт руханиятындағы орны туралы тағылымды ойлар ортаға салынды. Арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылып, қатысушылар арасында танымдық онлайн ойын ұйымдастырылды.
Әдеби кеш аясында жастар ақын жырларын тебіреніспен оқып, поэзия арқылы ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды ұлықтады. Сонымен қатар, қатысушылар арасында еркін форматтағы пікір алмасу ұйымдастырылып, жастар әдебиет пен қоғам, руханият пен ұлттық тәрбие төңірегінде өз ойларын ортаға салды.
Кештің мазмұндық ерекшелігінің бірі – жастардың поэзия арқылы ой еркіндігін, сөз мәдениетін және ұлттық сана құндылықтарын ұштастыра білуі болды. Әдеби-сазды бағдарлама барысында көрермендер ақын шығармаларындағы елдік рух, ар-намыс, адамдық қасиет пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптарына ерекше назар аударды.
Іс-шараға Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасы КММ басшысы Азамат Парманов, қалалық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Жастар саясаты және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Азиза Исаева және қалалық жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Жуман қатысып, жастарға ізгі тілектерін білдірді.