Шымкент қаласында 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күніне орай «Қауіпсіз орта: отбасы, бала тәрбиесіндегі рухани нормалар» тақырыбында республикалық рухани-танымдық форум өтті.
Іс-шараны Республикалық Аналар алқасы, Шымкент қалалық Аналар алқасы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Аналар алқасы және университеттің «Тәрбие және тұлғаны дамыту орталығы» бірлесіп ұйымдастырды.
Форумның негізгі мақсаты – қоғамда қауіпсіз отбасы моделін қалыптастыру, отбасы тұрақтылығын сақтаудағы рухани нормалардың маңызын айқындау, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие үлгісін насихаттау және қоғамдық этика қағидаттары арқылы зорлық-зомбылыққа қарсы орта қалыптастыру.

Республикалық басқосуға Қазақстан Республикасы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, Халық Кеңесінің мүшесі, Республикалық Аналар алқасының төрағасы Нәзипа Шанаи, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Рыскүл Құдретуллаева, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі, Шымкент қалалық Аналар алқасының төрағасы Гүлжан Сүгірбаева, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Шымкент қаласының құрметті азаматы Асма Қалыбекова, сондай-ақ еліміздің өңірлеріндегі Аналар алқаларының өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, психологтер, медиаторлар, педагогтер мен студент жастар қатысты.
Форум жұмысын Республикалық Аналар алқасының төрағасы Нәзипа Шанаи жүргізді. Салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөздер айтылып, отбасы институтын нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, қоғамдағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігі атап өтілді.
Форум бес негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы бағытта қазақ халқының дәстүрлі отбасылық құндылықтарының қауіпсіз орта қалыптастырудағы рөлі қарастырылды. Баяндамаларда дәстүрлі қазақ қоғамындағы ана рөлі, ұлттық тәрбие сабақтастығы, қыздар тәрбиесі және тарихи-мәдени мұраның бүгінгі қоғамдағы маңызы сөз болды.

Екінші бағыт ата-ананың ұлттық сана, адамгершілік пен имандылықты қалыптастырудағы стратегиялық рөліне арналды. Бұл ретте музыкалық және мәдени-рухани тәрбиенің ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызына да назар аударылды.
Үшінші бағыт аясында заманауи ананың психологиялық жағдайының бала тәрбиесіне әсері талқыланды. Мамандар ананың эмоционалдық тұрақтылығы, отбасы мен кәсіби қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтау, цифрлық дәуірдегі ата-ананың психологиялық жүктемесі және отбасындағы жанжалдардың алдын алу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Төртінші бағытта қауіпсіз отбасы, отбасындағы заң мен тәртіп қағидаттары, қыздар мен жас аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медиация тетіктерін қолдану және зорлық-зомбылыққа қарсы құқықтық шаралар қарастырылды. Сонымен қатар әкенің отбасы тірегі әрі бала қауіпсіздігінің кепілі ретіндегі жауапкершілігіне ерекше мән берілді.
Бесінші бағыт болашақ ата-аналарға арналды. Студент жастардың болашақ отбасындағы ортақ ережелер мен отбасылық этика нормаларын қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Жиында еліміздің әр өңірінен қатысқан ғалымдар мен салалық мамандар мазмұнды баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Тараз, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Астана қаласынан қатысқан өкілдер отбасылық құндылықтар, психологиялық қолдау, құқықтық сауаттылық және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыттарындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Форумның қорытынды бөлімінде қатысушылардың ортақ ұстанымын білдіретін Үндеу жарияланып, студент жастарға «Ана хаты» табысталды. Сондай-ақ форум модераторына, спикерлер мен мақала авторларына Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлегеннің атынан Алғыс хаттар табысталды.

