Шымкент қаласында шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Соллаль мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекені қалалық корей этномәдени бірлестігінің белсенділері ұйымдастырды.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін мерекелік жиынға қалалық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, корей этносының ақсақалдары мен қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қоғамдық келісімді нығайту, мәдениетаралық диалогты дамыту бағытында атқарып отырған жұмыстары атап өтілді.

Мерекелік бағдарлама аясында корей этномәдени бірлестігінің өнерпаздары ұлттық әндер мен билерді орындап, корей этносының бай мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін паш етті.
Салтанатты жиын соңында қатысушылар бір-біріне амандық, ырыс-береке тілеп, бейбітшілік, қоғамдық келісім және ел бірлігі құндылықтарының маңыздылығын ерекше атап өтті.

