Бүгін Шымкенттегі Достық үйінде «Ауқымды Масленица – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті.
Іс-шараға «Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Романова, Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшы орынбасары Тоқтар Әмірқұлов, «Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Романова, Шымкент қаласының орыс драма театрының директоры Игорь Вербицкий, қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиында Игорь Вербицкий сөз сөйлеп, жиналған қауымды Масленица мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл мерекенің татулық пен бірліктің, өзара кешірім мен жаңарудың символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, Конституция – еліміздегі барлық этнос өкілдерінің тең құқығы мен бостандығының кепілі екенін айта келе, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың басты тірегі заң үстемдігі екенін жеткізді.
«Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Романова мерекенің мән-маңызына кеңінен тоқталды. «Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Масленица – тек көктемді қарсы алу ғана емес, ол адамдардың жүрегін жақындастыратын, өкпе-ренішті ұмыттыратын, ізгілікке бастайтын мейрам. Конституция осы құндылықтарды бекітіп, әр азаматтың құқығын қорғайды. Әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан еліміз үшін мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Сондықтан әрқайсымыз ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдағы маңызды бастамаларға белсенді қатысуымыз қажет. Алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдум – әр азаматтың азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды күн. Болашағымыздың берік, бірлігіміздің мығым болуы өз таңдауымызға байланысты. Бірлік пен жауапкершілік – тұрақты әрі өркендеген қоғамның кепілі», — деп атап өтті.

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық славян этномәдени бірлестігі және қалалық орыс драма театры ұйытқы болған мерекелік іс-шара аясында қаламыздың үздік солистері мен шығармашылық топтары өнер көрсетті, театр әртістерінің қатысуымен шағын қойылымдар қойылды, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі мен сатылымы және кулинариялық өнімдердің көрме-жәрмеңкесі өтті.
Айта кетейік, Масленица – қыстың соңында көктем мезгілі жақындаған кезде аталып өтетін славяндардың дәстүрлі мейрамы. Мереке аясында араздасқан адамдар өзара өкпе-ренішті ұмытып, татуласады, күннің символы ретінде құймақтар пісіріледі, көпшілік ән айтып, би билеп, түрлі ойындар ұйымдастырады.

