Бүгін Достық үйінде Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ пен Журналистер және блогерлер клубының бірлескен отырысы өтті. Жиын Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын және алдағы республикалық референдум мәселелерін талқылауға арналды.

Кездесу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар Конституция жобасының негізгі қағидаттары мен басым бағыттарын жан-жақты саралады. Қатысушылар құжаттың қоғамдық-саяси маңызына, елдің құқықтық дамуына ықпалына ерекше назар аударды.
Жиында Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Қайрат Анарбаев сөз алып, жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, референдум – халықтың өз таңдауын жасап, ел болашағына тікелей ықпал етуінің айқын көрінісі.

Сондай-ақ, қалалық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшесі Базаркүл Қалбыр сөз сөйлеп, бұл кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді. Ол қоғамға шынайы, дәл және жан-жақты ақпарат ұсыну – сенімді нығайтудың және азаматтық белсенділікті арттырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аталған тарихи кезеңде ақпарат құралдарының рөлі кеңінен сөз болды. Жиында референдум үдерісін объективті, байыпты әрі жан-жақты ақпараттық тұрғыда жариялаудың маңыздылығы ерекше аталды. Қатысушылар қоғамды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету – ашықтық пен қоғамдық сенімді нығайтудың басты шарттарының бірі екендігін айтты.

