ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласы дамуының маңызды бағыттарының бірі – жастарды еңбек нарығына тиімді тарту, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және тұрақты жұмысқа орналастыру. Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмалары аясында қалада жастарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі шаралар кезең-кезеңімен іске асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің мәліметтері көрсеткендей, 13 071 жас азамат белсенді еңбек шараларына жұмылдырылды. Олардың ішінде 6 360 жас тұрақты бос жұмыс орындарына орналасты, бұл жастардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету мен қала экономикасына үлес қосу бағытында маңызды қадам болып отыр. Субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 3 533 жас уақытша жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, 1 223 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға тіркелді, ал комиссия шешімімен 175 жасқа мемлекеттік грант берілді. Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес, 244 жас оқу ұйымдарында білім алып, 70 жас тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында оқуға жіберілді. Цифрлық дағдыларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінді: 1 422 жас www.enbek.kz платформасы арқылы сұранысқа ие дағдыларды онлайн меңгерді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 1 жас арнайы жұмыс орнына орналастырылып, 43 жасқа кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер берілді. Бұл шаралар NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға, оларды белсенді экономикалық ортаға тартуға және өмірлік маңызды дағдыларға үйретуге бағытталған. Нәтижесінде, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Шымкентте 15–34 жас аралығындағы азаматтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызға дейін төмендеді, бұл қаладағы жастар саясатының тиімділігін айқын көрсетеді. Жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік қабілеттерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған нақты үлес болып табылады. Президент тапсырмаларын орындау аясында іске асырылған бұл бастамалар қала жастарын әлеуметтік белсенділікке тарту, олардың кәсіби өсуін қамтамасыз ету және мегаполистің тұрақты дамуын қолдауда маңызды рөл атқаруда.