ШЫМКЕНТТЕ АНАЛАР КЕҢЕСІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Достық үйінде Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің республикалық референдумды қолдау мәселесіне арналған отырысы өтті.

Жиынды Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды қадам екенін атап өтті.

«Аналар кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы бірлікті нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу. Алдағы референдум – еліміздің даму бағытын айқындайтын тарихи шешім. Сондықтан әрбір ана бұл үдеріске жауапкершілікпен қарап, өз отбасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», – деді кеңес төрайымы.

Отырыс барысында қатысушылар референдумның маңызы, оның елдің саяси және әлеуметтік дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, қоғамда тұрақтылықты сақтау, азаматтық белсенділікті арттыру және жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мәселелері кеңінен қозғалды.

Жиын қорытындысында Аналар кеңесі мүшелері республикалық референдумды қолдауға шақырып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.