Түркістан өңірінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Сайрам ауданы, Ақсу ауылында орналасқан Орталық саябақтың жаңартылып, заманауи демалыс және ойын-сауық кешеніне айналуы.
Жоба аясында саябақ аумағы толық абаттандырылып, жаңа форматтағы қоғамдық кеңістік қалыптастырылды. Орталық бөлігінде сәндік субұрқақ орнатылып, айналасы көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкерілді. Сонымен қатар аумақта заманауи талаптарға сай келетін балалар мен ересектерге арналған 20-ға жуық аттракцион орнатылып, қауіпсіз әрі қолайлы демалыс инфрақұрылымы жасақталды.
Келушілердің жайлылығы үшін арнайы фуд-корт аймақтары мен демалыс орындары қарастырылып, саябақ көпфункционалды қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, шағын және орта бизнестің дамуына да мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны шамамен 675 миллион теңгені құрайды. Инвестициялық бастама жеке сектор қаражаты есебінен жүзеге асырылып, өңірге тартылған инвестиция көлемінің артуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Бүгінде мұнда 243 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді, олардың қатарында 39 этнос өкілдері бар. Бұл өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен қоғамдық келісімінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Жаңартылған демалыс аймағы тұрғындар үшін ғана емес, сондай-ақ өңір қонақтары үшін де тартымды туристік және рекреациялық нысанға айналуда. Мұндай жобалар Түркістан облысының урбанистикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады.
