ТҮРКІСТАН: ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Түркістан қаласында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында өңірдің экономикалық дамуы мен өндіріс орындарын кеңейту мәселелері бойынша маңызды кездесу өтті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кездесу өткізіп, оларға өңірдің инвестициялық әлеуетін жан-жақты таныстырды. Кездесуге Қытайдың ірі компанияларының өкілдері қатысты.

Форум барысында облыс әкімінің айтуынша, Түркістан өңірі Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны жалғайтын транзиттік дәліздің стратегиялық қиылысында орналасқан. Бұл инвестициялық тартымдылықты арттырып, шетелдік компаниялар үшін кең нарыққа жол ашатынын атап өтті. – «Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты тереңдету аясында біз өндіріс саласына шетелдік компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Облысымызда индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар бар. Жаңа зауыттар ашуға және өндірісті дамытуға барлық жағдай жасалған», – деді Н.Көшеров.

Кездесуде инвесторлар түрлі салалардағы жобаларын ұсынды. Оларға күн және су электр станцияларын салу, көлік-логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, туризм бағыттары бойынша ұсыныстарын айтты. Кейбір компаниялар дайын жобаларға инвестиция құюға дайын екенін де жеткізді. Сонымен қатар, форум барысында өңірдегі жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты мәселелер қаралып, инфрақұрылымдық түйткілдерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын көбейтуге ерекше басымдық берілген. 2025–2028 жылдар аралығында өңірде 111 инвестжобалар пулы іске қосылады деп жоспарланған, оның нәтижесінде 23 915 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биылғы жылы 58 инвестициялық жоба қолға алынып, 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылған. Ал қазірдің өзінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған инвестициялар көлемі 1 178,4 млрд. теңгені құрады. 2025 жылға белгіленген тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы – 475 млн. АҚШ доллары болса, II тоқсанның қорытындысында тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының артып, экономикалық дамудың тұрақты қарқынмен жүріп жатқанын айқын көрсетеді. Шетелдік инвесторлармен тығыз ынтымақтастық, жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту өңірдің индустриалды әлеуетін арттырып, тұрақты экономикалық өсуге жол ашады. Түркістан облысының стратегиялық географиялық орналасуы, арнайы экономикалық аймақтары мен индустриалды парк жүйесі – жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді алаң болып отыр.