ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТУРИЗМ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан қаласында инвестиция тарту, туризм индустриясын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жобалар өңір экономикасының қарқынды дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте инвестициялық жобаларды іске асыру, туристік әлеуетті күшейту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Бүгінде Түркістан қаласы инвестициялық тұрғыдан тартымды орталықтардың біріне айналып келеді. Арнайы экономикалық аймақ аумағында жалпы құны 163,3 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта олардың бір бөлігі өндірістік қызметін бастап үлгерсе, қалған жобалар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске қосылған кезде мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылып, қаланың өндірістік және экономикалық әлеуеті арта түседі.

Қала экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі – кәсіпкерлікті қолдау және халық үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, қала аумағында әлеуметтік дүкендер желісі қалыптастырылған. Сонымен қатар заңсыз сауда орындарының алдын алу және кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сәйкестендіру шаралары тұрақты негізде жалғасуда.

Туризм саласы да жоғары өсім көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы бес айында Түркістанға келген туристер саны 250 мыңнан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай көбейді. Бұл көрсеткіш қаланың еліміздегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретіндегі маңызын арттыра түсуде.

Қазіргі таңда қалада туристерге қызмет көрсететін ондаған қонақүй мен орналастыру орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алдағы жылдарға жоспарланған туристік жобалардың басым бөлігі іске қосылып, қалған нысандарды пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар қызмет көрсету сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қалада бағыттаушы ақпараттық белгілер орнатылып, заманауи смарт-ақпараттық жүйелер енгізілген. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарында көптілді қызмет көрсету деңгейі артып, шетелдік және отандық қонақтарға көрсетілетін сервистің сапасы жақсаруда.