Түркістан қаласында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қала аумағындағы көшелерді жаңарту, жол жабындарын жақсарту және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды дамыту шаһарды заманауи талаптарға сай өркендетудің негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Бүгінде Түркістан қаласында бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ондаған көшеде асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Сонымен қатар алдағы кезеңде қала аумағындағы көптеген көшені жаңғырту жоспарланып, тиісті жобалау және сараптамалық жұмыстар жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту аясында Яссы секторындағы Домалақ ана көшесінде де жаңарту жұмыстары қолға алынған. Ұзындығы 840 метр болатын көше учаскесінде жол жабынын толық жаңарту, екі қабатты асфальт-бетон төсеу және жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу қарастырылған. Қазіргі таңда негізгі жұмыстардың бір бөлігі орындалып, жол сапасын арттыруға бағытталған құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары аяқталған аумақтарда жол жабындарын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінуде. Сауран секторындағы көшелердің бірінде кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолды қайта қалпына келтіру шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстарда жол сапасын сақтау, құрылыс талаптарын орындау және тұрғындарға қолайсыздықты барынша азайту басты назарда ұсталады.
Түркістан қаласында жолдарды жаңарту тек көлік қозғалысын жақсартуға ғана емес, шаһардың жалпы сәулеттік келбетін қалыптастыруға, жаңа аумақтардың дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сапалы жол – қаланың әлеуметтік және экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Алдағы уақытта да қала аумағындағы көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту, жол сапасын арттыру және заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Бұл бастамалар Түркістанды жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қала ретінде дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

