ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында қаланың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және орындаушылық тәртіптің сақталуы кеңінен талқыланды. Жиында көтерілген мәселелер өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды факторлар ретінде қаралды.

Бүгінде Түркістан қаласында 18 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Қала бойынша 269 285 тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелген. Оның ішінде 219 135 адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған болса, 48 792 тұрғын сақтандырылмаған. Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру арқылы еңбек ресурстарының сапасын жақсарту міндетін алға қояды.

Сондай-ақ, саладағы цифрландыру деңгейі өңірдің заманауи даму бағытын айқын көрсетіп отыр. Қала тұрғындарының 87 пайызы мобильдік қосымшаларды белсенді қолданады. Жыл басынан бері электронды қабылдауға жазылу саны 863 421-ге жетсе, электрондық медициналық жазбалар көлемі 1,3 миллионнан асты. Электрондық денсаулық паспорттарының қамтылуы 98,9 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштер медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырып қана қоймай, бюджет қаражатын оңтайлы жоспарлауға, басқару шешімдерінің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Жиында сөз алған қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы адам капиталы – өңірдің ең басты экономикалық ресурсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, денсаулығы мықты, сапалы медициналық қызметке қол жеткізген тұрғындар ғана өңірдің тұрақты дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және инвестициялық тартымдылықтың күшеюіне үлес қоса алады.

«Қаламыздағы денсаулық сақтау жүйесі тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуі тиіс. Әрбір тапсырма нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Бүгін көтерілген мәселелердің барлығы бақылауда болады. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, МӘМС жүйесін түсіндіру және дамыту жұмыстары жедел атқарылуы керек. Адам өмірінен асқан байлық жоқ», – деді қала басшысы.

Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы орындаушылық тәртіптің сақталуы мемлекеттік басқарудың және экономикалық өсудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Барлық бөлім басшыларына қызмет көрсету мәдениетін арттыру, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, кадрлық әлеуетті күшейту және цифрландыруды одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Айта кету керек, денсаулық сақтау саласының сапалы дамуы Түркістан қаласының ғана емес, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық өсіміне серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірдің ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.