ТҮРКІСТАН: ЭКОЛОГИЯ, ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ҰШТАСҚАН ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуына серпін беретін тағы бір маңызды жоба іске қосылды. Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақты алып жатқан «Түркістан» экобағы ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл – табиғатты қорғау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.

Экобақтың ашылуы өңірдің инфрақұрылымын дамыту ғана емес, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға арналған маңызды іс-шаралармен де сабақтасты. Осыған орай ұйымдастырылған «Жаңа Конституция – халықтың құқықтық мәдениеті» атты іс-шарада заң үстемдігі, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық келісім мәселелері кеңінен сөз болды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуымен құттықтап, соңғы жылдары өңірде жүзеге асқан ауқымды жобалар Түркістанның тұрақты даму жолына түскенін атап өтті.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай жеделдеді. Тұрғын үй құрылысы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жүздеген жаңа нысан пайдалануға беріліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.

Соңғы сегіз жылда өңірде 6,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы тұрғын үй құрылысының басым бөлігі осы кезеңге тиесілі болды. Сонымен қатар 214 мектеп, 219 денсаулық сақтау нысаны салынып, әлеуметтік инфрақұрылым айтарлықтай нығайды. Инженерлік-коммуналдық жүйелер де жаңартылып, бүгінде облыстағы 801 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылса, тұрғындардың 90 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Өңірлік жалпы өнім көлемінің сегіз жыл ішінде үш есеге өсуі Түркістан облысының инвестициялық және экономикалық әлеуетінің тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді.

Іс-шара барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев пен қоғам белсендісі Ерболат Балғабаев жастарды Конституцияны құрметтеуге, заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және елдің өркендеуіне белсенді үлес қосуға шақырды. Олар құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тұрақты әрі әділетті қоғам құрудың басты алғышарттарының бірі екенін атап өтті.

Жаңа экобақ тұрғындардың демалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған заманауи нысандардың бірі саналады. Саябақ аумағында жергілікті табиғи ерекшеліктерге бейімделген тұранғы, үйеңкі, акация, терек және өрік ағаштары отырғызылған. Сонымен бірге төрт көпір, күн энергиясымен жұмыс істейтін 170 жарық шамы, спорт алаңдары, балалар ойын аймағы, арнайы демалыс және барбекю орындары, балық аулауға арналған жағажайлар мен экологиялық таза материалдардан жасалған сәулеттік композициялар орналастырылған. Мұның барлығы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, өңірдің экологиялық мәдениетін дамытуға және ішкі туризмнің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Мерекелік кештің соңы мәдени-көпшілік бағдарламамен жалғасып, қазақстандық эстрада жұлдыздары Айдана Меденова, Ұшқын Жамалбек, Alem және өзге де өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Экологиялық бастамалар, әлеуметтік инфрақұрылымның қарқынды дамуы, құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған жобалар және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктердің көбеюі – Түркістан облысында жүргізіліп жатқан кешенді мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Бұл жұмыстар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және Түркістанды заманауи, жайлы әрі тұрақты дамып келе жатқан өңір ретінде қалыптастыруға берік негіз қалайды.