Түркістан облысының Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабриканың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған бастаманың маңыздылығын атап өтті.
– «Бүгін біз үшін ерекше күн. Бір күнде екі бірдей жаңа өндіріс нысанының іске қосылуына және іргетасының қалануына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде атап өткен болатын. Бұл жобалар – тек кәсіпорын емес, жаңа жұмыс орындары, инновациялық технологиялар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық нысандар», – деді облыс басшысы.
Жаңа құс фабрикасы Жабағылы ауылында орналасады. Жобаның жалпы құны 53,7 млрд теңге, ал негізгі инвестор – «Қарқын Трейд» ЖШС. Өндіріс толық қуатына шыққанда жылына 48 мың тонна сапалы құс еті өндіріледі.
Бұл бастама өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықты импорттық тәуелділіктен арылтпақ. Сонымен қатар, өнімнің бір бөлігі экспортқа бағытталып, Түркістан облысының шетел нарығындағы әлеуетін арттыру жоспарланған.
Жобаны жүзеге асыру үшін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 5 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлуді көздеп отыр. Мемлекет тарапынан инфрақұрылым — электр энергиясы, су, газ және жолмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорын 517,7 гектар жерге орналаспақ. Мұнда 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі мен тоңазытқыш қоймалар салынады.
Фабрика құрылысы үш кезеңмен жүзеге аспақ: I кезең (2026–2027 жж.) – 21,9 млрд теңге инвестиция, 550 жұмыс орны, жылына 15 мың тонна өнім; II кезең (2028–2029 жж.) – 15,8 млрд теңге инвестиция, 325 жұмыс орны, 24 мың тонна өнім; III кезең (2029–2030 жж.) – 16 млрд теңге инвестиция, 325 жұмыс орны, 48 мың тонна өнім.
Жоба толық қуатына 2030 жылға қарай қосылады. Сол кезде фабрикада 1 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасына қомақты үлес қосады.
Бұл бастама – Түркістан облысының агроөнеркәсіптік секторындағы жаңа белес. Құс етін өндіру мен қайта өңдеу жүйесінің жолға қойылуы ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға, баға тұрақтылығын сақтауға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді.
