ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУЫЛЫНДА «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ЖӘНЕ ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Созақ ауылында бүгін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, орталықтың қызметімен танысты және оның тұрғындар үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бүгін ашылып отырған орталық елді мекен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады, – деді аудан басшысы.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қырықбаев, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев қатысып, орталықтың әлеуметтік рөлін жоғары бағалады. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен Созақ ауылының құрметті азаматы Мұрат Жақсыбаев мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін тұрғындар атынан алғыстарын білдірді.

Жаңа әлеуметтік нысан ауқымды қызметтерді ұсынады. Орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, бұл өз кезегінде жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін береді. Орталық зейнет жасындағы ардагерлер мен 18 жастан асқан ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс алаңдары, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойнау бөлмелері қарастырылған. Барлық жағдайлар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға, психологиялық әл-ауқатын жақсартуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында ауыл тұрғындары орталықтың ішін аралап, ұсынылып отырған қызмет түрлерімен танысып, әлеуметтік нысанның маңыздылығын жоғары бағалады. Бұл орталық Сауран ауданы мен Созақ ауылындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, азаматтардың өмір сапасын арттыру және жергілікті экономикалық әлеуетті көтеру бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып отыр.

Орталықтың ашылуы арқылы облыс тұрғындары үшін жаңа қызмет көрсету мүмкіндіктері пайда болып, әлеуметтік қамсыздандыру мен белсенді өмір сүру деңгейі артатыны сөзсіз. Бұл жобалар Түркістан облысының әлеуметтік саясаттағы тұрақты дамуы мен азаматтар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастырудағы маңызды қадам болып саналады.