ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫ ШАРУАЛАРЫНА 70 ТОННА МАЛ АЗЫҚТЫҚ БИДАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдау және өңірдегі мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы ауа райының қалыптан тыс құрғақ әрі жауын-шашынсыз өтуі салдарынан жайылымдық жерлердегі табиғи шөптердің шығымдылығы төмендеп, фермерлер үшін мал азығының тапшылығы туындады. Осыған байланысты облыс әкімдігі мен жергілікті агроқұрылымдар қажетті мал азықтық бидаймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды қолға алды.

«ALTYN NAN» ЖШС арқылы өңірдегі шаруашылықтарға нарықтағы бағадан 20–30 пайызға төмендетілген бағамен (90 теңге/кг) мал азықтық бидай жеткізіледі. Табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қысқы кезеңдегі қатал жағдайларды ескере отырып, Созақ ауданының шаруаларына бірінші кезекте 500 тонна бидай жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда 68 тонна бидай Сызған, Қарақұр, Қаратау және Шолаққорған ауылдық округтеріндегі 35 шаруа қожалығына таратылды.

Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта мал азықтық бидай кезең-кезеңімен жабық вагондар арқылы Түлкібас станциясына жеткізіліп, одан әрі Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Ордабасы, Сайрам және Сауран аудандарының шаруаларына үлестірілетін болады. Келесі кезеңде 200 тонна бидай Түлкібас станциясына жеткізіліп, Арыс, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруаларына таратылатын болады. Бұл шаралар өңірдегі мал шаруашылығын қысқы маусымда қалыпты деңгейде қамтамасыз етуге, азық тапшылығы мен шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Мал азықтық бидайды дер кезінде жеткізу Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұрақтылығын сақтауға ғана емес, экономикалық дамуына да елеулі әсер етеді. Ауыл шаруашылығындағы тұрақтылық фермерлердің табысын арттырып, жергілікті нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мал өнімдері – сүт, ет, жүн өндірісінің көлемі ұлғайып, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтеді.

Осылайша, Созақ ауданындағы агроқұрылымдарға мал азықтық бидай жеткізу Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуға, фермерлердің әл-ауқатын жақсартуға және жергілікті экономиканың өсуіне қосылған нақты үлес болып отыр. Әрбір кезеңде жүйелі ұйымдастырылған шаралар өңірдің тұрақты дамуына және агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық сенімділікті арттыруға жағдай жасайды.