ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚЫТАЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ – ӨНДІРІСТІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ТАНЫСТЫРУ

Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық районына қарасты Сауан қаласының ресми делегациясымен кездесу өтті. Басқосудың басты мақсаты – екі өңір арасындағы экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті нығайту, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды талқылау болды.

Кездесу барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, ауданның инвестициялық, туристік және кәсіпкерлік әлеуеті туралы баяндады. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы Сұлтанғали Шакиров экономикалық мүмкіндіктер, бизнес жүргізу жағдайлары және туризм саласындағы жаңа бағыттар жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Қытай делегациясының басшысы Ербол Төлегенұлы екі тарап арасындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп, алдағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Кездесу аясында ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік жобалар бойынша ұсыныстар талқыланды. Тараптар алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақтылап, әлеуетті жобаларды пысықтады.

Сапар барысында қонақтар Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк нысандарын аралап, ауданның индустриялық әлеуетімен танысты. Делегация ерекше қызығушылықпен келесі кәсіпорындарды көрді:

  • «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары – жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын жоғары технологиялық жабдықтар. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен әріптестік аясында «BNK IRRIGATION» брендімен заманауи суару техникасын өндіреді, бұл ауыл шаруашылығын тиімді әрі үнемді жолмен дамытуға мүмкіндік береді.
  • «Aqniet Holding» кәсіпорны – білім беру мекемелеріне арналған жиһаз өндірумен айналысады. Соңғы үш жылда 50-ге жуық мектеп жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында стандартталған жиһаз үлгілері шығарылады. Сонымен қатар компания «KAZMEDPRIBOR» серіктестігімен денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асыруда.

Делегация өкілдері кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк Сауран ауданының экономикалық және инвестициялық әлеуетін көрсетуге қолайлы алаң ретінде танылды.

Бұл кездесулер мен таныстырулар Түркістан облысы мен Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өндірістік әлеуетті кеңейтуге және шетелдік капиталды тартуға бағытталған нақты қадамдар болып отыр. Ауданның индустриалды және ауыл шаруашылығы саласындағы жобалары өңірдің тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосатыны сөзсіз.