ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ БАҒЫТ – МҰНАЙ ӨНІМДЕРІН САҚТАЙТЫН ЗАМАНАУИ ҚОЙМА САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында энергетикалық инфрақұрылымды нығайту және өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында жаңа маңызды инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл бастама — аймақтың стратегиялық дамуына тың серпін беретін мұнай өнімдерін сақтайтын заманауи қойма салу жобасы.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры Ильдар Шамсутдиновпен кездесу өткізіп, облыс аумағында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, логистика және мұнай сақтау инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің географиялық артықшылықтарын және транзиттік әлеуетін атап өтті:

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік логистикасын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігіндегі маңызды көлік дәлізі. Сондықтан мұнай өнімдерін сақтайтын қойманың салынуы өңірдің халықаралық көлік байланысын нығайтып, логистикалық әлеуетін арттырады. Біз инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Инвестор тарапынан ұсынылған жоба 2026–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Жалпы құны – 5 млрд теңге. Жоспар бойынша 20 000 м³ мұнай өнімін сақтайтын резервуарлық парк (мұнай базасы) салынады. Оның ішінде 12 мың текше метрі авиаотынға арналған. Бұл қойма аймақтың отын қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуе тасымалдары мен жүк ағындарының артуына, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.

Жоба іске асқан жағдайда Түркістан облысы авиаотынмен және мұнай өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ете алатын аймақтардың біріне айналады. Сонымен қатар, авиация саласындағы халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай отын инфрақұрылымы жаңарып, өңірдің көлік-логистикалық беделі артады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жол картасын әзірлеп, жобаны іске асыру жөнінде уағдаласты.

Бұл бастама — Түркістан облысының энергетикалық және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған ірі жобалардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық тәуелсіздігін күшейтуге елеулі үлес қосады.