ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТЫП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДА

Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейту және халықаралық әріптестікті дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру аясында Түркістан облысында шетелдік серіктестермен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге ерекше басымдық берілуде.

Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында білім беру, туризм және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Өңір басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік пен достық қарым-қатынастың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын атап өтіп, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар Түркістан облысының халықаралық серіктестермен білім, ғылым, инновация және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым дайын екенін айтты.

Кездесуде өңірде америкалық жоғары оқу орындарының қатысуымен білім беру жобаларын іске асыру, бірлескен кадр даярлау жүйесін қалыптастыру, академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру мен өнімді терең өңдеу салаларына қажетті білікті мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар өңірдің адами капиталын дамытуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Өз кезегінде АҚШ-тың Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман Түркістан облысының қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға беріп, Аризона университетімен және америкалық іскерлік орта өкілдерімен әріптестікті кеңейтуге қызығушылық танытатынын жеткізді.

Кездесуге Аризона университетінің Табиғи ресурстар және қоршаған орта мектебінің практика доценті Ола Лундемо, Жоғары білімді зерттеу орталығының профессоры әрі интернационалдандыру жөніндегі деканы Дженни Джийон Ли, білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рики Салазар және Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Аризона штатының Құрметті консулы Айсұлу Абдыбаева қатысты.

Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру, туризм индустриясын дамыту және инвестициялық жобаларды бірлесіп зерделеу мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу қорытындысында өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға, білім беру, ғылым, туризм және инвестиция бағыттарындағы нақты жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Халықаралық серіктестіктің кеңеюі Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа технологиялар мен білім беру тәжірибесін енгізуге, сондай-ақ өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.