Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраға бай өңір ретінде Қазақстанның туристік картасында ерекше орын алады. Облыстың туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынып, жаңа жобалар мен іс-шаралар арқылы аймақтың экономикалық дамуына серпін берілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте тарихи-мәдени бағыттағы туристік жобаларды жандандыру мәселелері талқыланды. Жиында Ертай Кенжебекұлы туристік әлеуетті толық пайдалану, креативті жобалар мен халықаралық деңгейдегі мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру қажеттігіне ерекше тоқталды. «Жақында Түркістанда халықаралық талапқа сай атшабар ашылады. Бұл – облыстың туристік инфрақұрылымын дамытудың маңызды мүмкіндігі», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Түркістан облысында туризм саласы оң серпінін көрсетуде. 2025 жылдың осы кезеңінде туристер саны 830,1 мың адамды құрап, 2024 жылғы 733,2 мың адаммен салыстырғанда 13,2%-ға өскен. Бұл көрсеткіш облыстың тарихи және мәдени мұрасына қызығушылықтың артқанын, сондай-ақ өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың нәтижесін айқындайды.
Облыс аумағында 1700-ден астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Бұл ескерткіштер Түркістанды ашық аспан астындағы ірі мұражайға айналдырады. Сонымен қатар, облыста туристерді орналастыру үшін 251 қонақ үй, хостел, демалыс аймақтары мен балалар лагерлері жұмыс істейді. Санаториялық-курорттық бағыттағы қызметтерді қамтамасыз ететін 117 ұйым туристер үшін қосымша қолайлы жағдайлар қалыптастырады.
Мәжілісте Ертай Алтаев жауапты тұлғаларға туристік ағынды арттыру, жаңа жобаларды іске асыру және облыстың халықаралық туристік беделін көтеру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Туризм саласын дамыту тек экономикалық кірісті арттырып қана қоймай, мәдениет пен тарихты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында тарихи-мәдени бағыттағы туристік жобаларды жандандыру – өңірдің дамуы мен халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға арналған маңызды қадам. Жаңа инфрақұрылым мен креативті жобалар туристерді тартумен қатар, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға жол ашады.
