Түркістан облысында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың жұмыс тиімділігін бағалаудың жаңа жүйесі енгізіліп, арнайы индикаторлар негізінде рейтинг әзірленді. Бұл бастама өңірдің экономикалық көрсеткіштерін жақсарту, мемлекеттік басқарудың нәтижелілігін арттыру және жауапкершілікті күшейту мақсатында қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің аппараты ғимаратында облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалығымен әкімдіктің кезекті кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, басқарма басшылары мен жауапты сала жетекшілері қатысты.
Алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды. Өңір басшысы өткен жылы облыс экономикасында тұрақты өсім сақталғанын атап өтті.
Қысқа мерзімді экономикалық өсім 113,9 пайызды құрап, Түркістан облысы республика бойынша үшінші орынға тұрақтады. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 1226 млрд теңгеге жетіп, өсім 100,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Қуаңшылық пен жауын-шашынның аздығына қарамастан, облыс республика көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі бойынша бірінші орынды иеленді.
Бұл – аграрлық сектордағы жүйелі жұмыстың және өндірістік әлеуетті сақтап қалуға бағытталған нақты шаралардың нәтижесі.
Кеңейтілген алқа отырысында аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызметтік тиімділігі жан-жақты сараланды. Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың мәліметінше, бағалау жүйесі 9 блок пен 97 индикатордан тұрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша рейтингтің көш басында Сауран, Жетісай және Созақ аудандары тұр. Ал Бәйдібек ауданы, Кентау және Арыс қалалары соңғы орындарға жайғасқан.
Облыс әкімі бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізілмеуі тиісті жұмыстардың жеткіліксіз деңгейде жүргізілгенін аңғартатынын атап өтті. Осыған байланысты тиісті аудан және қала әкімдерінің есептері тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді.
Алқа отырысында орындаушылық тәртіпке ерекше мән берілді. Жыл басынан бері бекітілген индикаторларға қол жеткізбеген аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың 25 лауазымды тұлғасына тәртіптік шара қолданылған.
– Мақсат – шара қолдану емес, межеге қол жеткізу. Сондықтан әрбір индикатордың сапалы әрі уақытылы орындалуы жеке бақылауда болуы тиіс. Өңірдің экономикалық әлеуетін көтеру, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және барлық салада нақты нәтижеге жету – негізгі міндет, – деді Нұралхан Көшеров.
Көш соңында тұрған үш аудан, қала мен басқарма басшыларына тәртіптік шара қаралатыны да ескертілді. 2026 жылға бекітілген индикаторларды сапалы орындау үшін жұмысты күшейту тапсырылды.

