ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КӨШБАСШЫ ӨҢІР

Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында жетекші өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Республика бойынша өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 1 трлн 226 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салада тұрақты өсім қалыптасты.

Өңірдің экспорттық әлеуеті де жоғары деңгейде. Бүгінде Түркістан облысы республика бойынша экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызын, ал қой етінің 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіштер өңірде ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі дамып келе жатқанын айғақтайды. Қазіргі таңда ет кластерін одан әрі дамыту мақсатында жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда, қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге ұлғаяды деп күтілуде.

Бұл туралы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар алқапқа егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Оның ішінде көкөніс пен бақша дақылдары 117,5 мың гектарды құрады.

Жыл қорытындысымен өңірде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейіп, 59 мың гектарға артты. Қазіргі таңда мұндай алқаптардың жалпы көлемі 114 мың гектарға жетіп отыр. Нәтижесінде ағын су көлемі 30–50 пайызға үнемделіп, өнімділік 20–30 пайызға артқан.

Айта кетерлігі, 2025 жылы Түркістан облысында мақта жинау бойынша соңғы 18 жылдағы рекордтық көрсеткіш тіркелді. Орташа өнімділік гектарына 30 центнерді құрап, жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналған. Сонымен қатар, мақта саласында экспортқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіруге көшу мақсатында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы бастау алды. Бұл бағытта жалпы құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылып, нәтижесінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Жылыжай шаруашылығы да өңірдің басты артықшылықтарының бірі болып отыр. Өткен жылы жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға артып, 1 715 гектарға жетті. Бұл республикадағы үлестің 76 пайызына тең. 2025 жылы облыс жылыжайларынан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілген.

Инвестиция тарту бойынша да Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласына 246 млрд теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, оның 3,5 млрд теңгесіне 401 жоба қаржыландырылды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бұл жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық қадамдар ретінде бағаланады.