ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды, яғни ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Бұл тауарлардың импорт көлемі 98 млрд. теңгені құрайды. Біз облыста осы өнімдерді шығару үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырдық. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік, және өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып келеді, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысында 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда бұл жобалар 6 361 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. Бұл жобалар аясында 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынып, өңір экономикасын әртараптандыру мен өндірісті дамыту бағытында айтарлықтай серпін берілді.

Облыс әкімі атап өткендей, аталған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан өңірінде өндіріс орындарын ашу, импорттық тауарларды алмастыру, инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты жетістіктерге қол жеткізілді. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда іске асырылып жатқан жобалар облыстың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашуда және өңірдің халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыруда.

Бұл жобалардың жүзеге асуы Түркістан облысын экономикасы дамыған, индустриялық-өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірге айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді жоспарлардың нақты көрінісі болып отыр. Болашақта аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, облыс экономикасының одан әрі өсуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.