ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысында өнеркәсіп саласын дамыту бағытында биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері 10 ай ішінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 107 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жүзеге асырылған жобалардың қатарында ірі әрі стратегиялық маңызы бар нысандар ерекше орын алады. Созақ ауданында табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. теңге, 300 жұмыс орны) іске қосылса, Отырар ауданында екі мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. теңге, 960 жұмыс орны) жұмыс істеп жатыр. Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. теңге, 96 жұмыс орны) өндірісті бастады. Сонымен қатар Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. теңге, 150 жұмыс орны), Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. теңге, 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 103,5 млрд. теңгеге 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады деп жоспарлануда.

– Президентіміз өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Осы бағытта көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысында 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Бұл нысан кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық ретінде қызмет атқарады, – деді Нұралхан Көшеров.

Қазіргі таңда орталықта 7 инвестор жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл жобалар нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 175 жаңа жұмыс орны ашылады, бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі күні орталықтағы 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде және келесі жылы іске қосу жоспарлануда.

Облыс әкімінің атап өтуінше, индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер және арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айдың қорытындысымен Түркістан облысының өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірдің экономикалық тұрақтылығы мен өнеркәсіп саласын дамытудағы ауқымды жұмыстардың айқын дәлелі болып отыр.

Осылайша Түркістан облысында өнеркәсіптің әртүрлі салалары – уран өңдеу, мақта және тоқыма, сусындар өндірісі, ет және алюминий өндірісі, сондай-ақ логистика мен кооперация орталықтары арқылы жаңа жобаларды іске қосу арқылы өңір экономикасының дамуы қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа жұмыс орындарын құруға, отандық өнім өндірісін арттыруға және өңірдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беруде.