Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде өткен жылдың негізгі көрсеткіштері сараланып, биылғы жоспарлар бекітілді. Жиынға Нұралхан Көшеров қатысып, Түркістан облысында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде хабардар болды.
Мәжіліс барысында Олжас Бектенов өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Сондай-ақ, ұлттық экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу, әлеуметтік саясатты күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Президент өз сөзінде Конституциялық реформаны жүйелі іске асыру, экономикадағы орнықты өсім, адами капиталды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, инфляцияны тұрақтандыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, Салық кодексін сапалы енгізу және аймақтық бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық мемлекет құру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуды жеделдету, энергия тапшылығын жою және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту тапсырмаларын белгіледі.
Түркістан облысында Президент пен Үкіметтің қолдауымен бірқатар стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Энергетика саласында қуаттылығы 1 000 мегаваттық бу-газ қондырғысы салынса, Қытайлық «China Energy» компаниясымен бірлесе қуаттылығы 300 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы басталды. Биыл 240 мегаваттық газ-турбиналы электр станциясы да қолға алынды.
Облыстың көліктік инфрақұрылымы да қарқынды дамуда: «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол құрылысы жүргізілуде, 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8%-ға жетті. 5 теміржол вокзалы – Түлкібас, Арыс-2, Сарыағаш, Манкент және Темір станциялары қайта жаңғырылады. Қоғамдық көліктік паркке қосымша 76 жаңа автобус, оның ішінде 14 электробус жеткізілді.
Инженерлік инфрақұрылым да жаңартылуда. Облыстың барлық елді мекендері 100% ауыз сумен қамтамасыз етілсе, газбен қамту деңгейі 88,9%-ға жетті. Кентау жылу-энерго орталығы 20 млрд теңгеден астам қаржыға жаңғыртылып, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.
Әлеуметтік сала бойынша 95 жаңа нысан пайдалануға берілді: білім саласында – 38, денсаулық сақтау – 34, мәдениет – 6, спорт – 17 нысан. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп іске қосылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 34 нысан бой көтерді. Ордабасы ауданында перинатальдық орталық, Түркістан қаласында демеуші есебінен «Ана мен бала» орталығының құрылысы басталды, Сарыағашта көпбейінді аурухана салынуда. Медицина ұйымдары 60 жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар цифрлық трансформация және IT саласын дамыту мақсатында Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong университеті» филиалы ашылып, 2300 студентке есептелген оқу орны қазіргі таңда 178 студент, оның ішінде 70 шетелдік студентті қабылдауда.

