ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ӨҢІРДІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Түркістан қаласында AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылды. Бұл бастама өңірдегі әйелдер мен қыз-келіншектердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға, басқару үдерістеріне әйелдердің қатысу үлесін кеңейтуге және адами капиталды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Салтанатты іс-шараға Шолпан Каринова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысып, жаңа жобаның маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында «Бөрте» саяси көшбасшылық мектебінің ашылуы қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, олардың басқарушылық және көшбасшылық әлеуетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған тағылымды бастама екені атап өтілді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл мектептен түлеп ұшқан әйел көшбасшылардың болашақта мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси салада, кәсіпкерлік пен әлеуметтік бастамаларда ел дамуына нақты үлес қосатынына сенім білдірді.

Мектептің ашылу салтанатына және алғашқы оқу дәрістеріне облыс, қала және аудан деңгейіндегі партия филиалдарының Әйелдер қанаты жетекшілері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салада еңбек ететін белсенді қыз-келіншектер, сондай-ақ түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Жалпы алғанда, 200-ге жуық әйел көшбасшылық мектебінің алғашқы тыңдаушылары атанды.

Оқу бағдарламасы аясында гендерлік саясатты жетілдірудің халықаралық тәжірибелері, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының ұсыныстары, БҰҰ құрылымдарының зерттеулері, ұлттық гендерлік саясатты бағалау көрсеткіштері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстандағы гендерлік теңдік жағдайы, әйелдердің саяси өкілдігі, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының миссиясы мен 10 басым бағыттағы бастамалары, «Tomiris» және «Әйел аманаты» жобаларының міндеттері қамтылды.

Алғашқы дәрістер барысында қатысушылар саяси көшбасшылықтың негіздері, қоғамдық коммуникация, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау мәдениеті, партиялық және ақпараттық жұмыс, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың заманауи талаптары бойынша жан-жақты білім алды. Бұл – әйелдердің кәсіби құзыреттерін арттырып қана қоймай, өңірлік басқару сапасын жақсартуға ықпал ететін маңызды ресурс.

Айта кету керек, Түркістан облысында әйелдер жалпы халық санының 49 пайызын құрайды. Өңірде көпбалалы аналар саны жоғары, әйелдер кәсіпкерлікте де айтарлықтай үлеске ие. Бүгінде облыстағы кәсіпкерлердің 42 пайыздан астамы – әйелдер. Мемлекеттік қызмет саласында да нәзік жандылардың үлесі тұрақты өсіп, басқарушы лауазымдарда қызмет атқаратын әйелдер саны артып келеді.

Жалпы алғанда, «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінің ашылуы Түркістан облысында адами капиталды дамытуға, әйелдердің әлеуетін экономикалық және әлеуметтік дамудың нақты факторына айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі болып табылады. Бұл бастама өңірдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісім мен тиімді басқару моделін қалыптастыруға ұзақ мерзімді негіз қалайды.